Апта бойынша жүктілік күнтізбесі. Жүктіліктің мерзімін біле жүру маныздылығы. Баланың қанша айлық екенін білу.
Жүктіліктің мерзімін білу, ана мен баланың денсаулығын бақылап, уақытында қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл мақалада жүктіліктің апталарын триместр бойынша бөліп, ең маңызды кезеңдері көрсетілген.

Жүктілік күнтізбесінің маңызы
Жүктілік күнтізбесі әйелдің жүктілік кезеңін бақылауға және бала дамуының әр кезеңінде қажетті медициналық тексерістер мен күтімдерді уақытылы жасауға көмектеседі
Жүктіліктің мерзімін, кезеңдерін бақылау не үшін қажет?
Жүктіліктің әрбір кезеңіндегі өзгерістерді түсініп, ана мен баланың денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Акушериядағы жүктілік мерзімі соңғы етеккірдің бірінші күнінен есептеледі, өйткені ұрықтанудың нақты күнін есептеу қиын.
Триместр бойынша
1-ші триместр
Бірінші триместр жүктіліктің алғашқы 12 аптасынан тұрады, бұл шамамен 3 айға тең:
1 ай (1-4 апта)
Жүктіліктің бірінші айында әйел ағзасында көптеген өзгерістер орын алады. Ең басты белгі – етеккірдің кешігуі, оған қоса шаршау, әлсіздік, кеуде сезімталдығы, жиі зәр шығару, токсикоз, көңіл-күйдің тұрақсыздығы сияқты белгілер байқалады.
Ұрықтанғаннан кейін бірінші аптада бірден зигота пайда болады - бұл ұрықтанған жұмыртқа. Зигота жатырға қарай белсенді түрде қозғалып 7-8 күннен кейін жатырдың қабырғасына имплантациялана бастайды. Хорион, яғни ұрықтанған жұмыртқаның сыртқы қабығы пайда болады. Алғашқы апталарда ұрықтың қоректенуін қамтамасыз ететін сарыуыз қапшық пайда болады. Жүктіліктің үшінші акушерлік аптасында нерв түтігі қалыптасады. Көз бен есту органдарының бүршіктері пайда болады. Эмбрионның ұзындығы осы кезеңде шамамен - 1,5-3 мм.
2 ай (5-8 апта)
Әйелдің жаңа жағдайына байланысты ағзасында гормоналды өзгерістер әлі де қарқынды жүреді. Токсикоз болса, күшеюі мүмкін. Жатырдың өсуіне байланысты іштің төменгі бөлігінде тартылу немесе жайсыздық сезімі болады. Бұл кезеңде жүктілік ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) арқылы расталып, ұрықтың жүрек соғысын естуге болады.
5-6-шы аптада баланың жүрегі ересек адамдағыдай төрт бөлімге, ми үш бөлікке бөлінеді. 7-8-ші аптада көздері дамып, басының бүйірлерінде, құлақ қалқандары төмен орналасады. Скелеттік бұлшықеттер дамиды. Жыныс бездерінің қалыптасуы жалғасады.
3 ай (9-12 апта)
Үшінші айда шаршау мен ұйқышылдық біртіндеп азайып, көңіл-күй тұрақтана бастайды. Кеуде бездері әлі де ұлғайып, сезімтал болуы мүмкін. Гормондардың кесірінен терінің жағдайы жақсарып немесе керісінше, безеулер пайда болуы мүмкін. Қан айналымы күшейгендіктен басы айналып қан қысымы өзгеруі мүмкін.
8-ші аптаның соңында эмбрионның ұзындығы 31 мм, салмағы 5 г болады. Оның жүрегі минутына 150-170 рет соғады. 9-шы аптада басының сыртқы көрінісі адамға тән болады. Сыртқы құлақ және қабақтар дамиды. Аяқ-қолдары, барлық негізгі органдары қалыптасады. 9-шы аптаның басынан бастап, туылуға дейінгі кезең "ұрықтық кезең", ал бала "ұрық" деп аталады. Бұл уақытта баланың қарқынды өсуі мен салмақ жинауы жалғасады. Жүктіліктің он екінші аптасында баланың салмағы шамамен 45 г болып, ұзындығы 9 см жетеді.
2-ші триместр
Екінші триместр жүктіліктің 13-24 апталарынан тұрады, яғни 4-6 ай аралығы:
4 ай (13-16 апта)
Әйел ағзасы төртінші айда гормоналды өзгерістерге бейімделіп, өзін бұрынғыға қарағанда жақсы сезінеді. Токсикоз толықтай басылып, тәбет жақсарады. Әйел сырттай жүкті болып көріне бастайды. Баланың алғашқы әлсіз қимылдарын сезінуі мүмкін. Кеуде бездері сүтке дайындалып, сүт тамшылары пайда болуы мүмкін.
Он төртінші аптадан кейін ұрықтың белсенді дамуы жалғасады. Бала ата-анасының бет-әлпетіне ұқсайды. Оның басында шаш, бетінде қас, бронхтар, тер бездері пайда болады, көкбауырдың қалыптасуы аяқталады.
5 ай (17-20 апта)
Жүктіліктің бесінші айында болашақ ана өзін сергек әрі энергияға толы сезінеді. Іші айқын байқалып, жатыр кіндік деңгейіне дейін көтеріледі. Салмағы біртіндеп арта бастайды. Дегенмен, арқаның ауырсынуы, аяқтардың ісінуі, іштің терісінің созылуына байланысты қышу сияқты белгілер байқалуы мүмкін.
Жүктіліктің 16-18-ші аптасында ұрықтың ұзындығы 10-13 см-ге жетеді, қазірдің өзінде УДЗ көмегімен оның қыз немесе ұл екенін анықтауға болады. Ұрық саусақтарын сора бастайды, олармен бірдеңені ұстап, белсенді қозғалып айнала алады.
6 ай (21-24 апта)
Бұл кезеңде жатырдың өсуіне байланысты арқадағы ауырсыну, аяқтардың ісінуі және құрысулар мазалауы мүмкін. Тері созылып, іш пен кеуде аймағында қышу немесе созылу белгілері (стриялар) пайда болуы мүмкін. Кейбір әйелдерде варикозды тамырлар байқалады.
Жүктіліктің 21-24 апталарында ұрықтың өсуі жалғасады, оның ұзындығы 30 см-ге дейін жетуі мүмкін. Оның беті айқындалып, көздері ашылады, ал сүйек жүйесі нығая бастайды.

3-ші триместр
Үшінші триместр жүктіліктің 25-40 апталарынан тұрады, яғни 7-9 ай аралығы:
7 ай (25-28 апта)
Қазір іш айтарлықтай үлкейген, ал жатырдың қысымынан арқадағы ауырсыну, аяқтың ісінуі, түнгі құрысулар жиілеуі мүмкін. Кейбір әйелдерде енді демікпе, жүрек айну немесе қыжыл байқалуы мүмкін, себебі жатыр ішкі ағзаларға қысым түсіре бастайды.
Бала анасының дауысын және сыртқы дыбыстарды анық естиді, ұйқы-ояну циклін қалыптастырады. 25-26 аптада балада өкпенің тамыр жүйесінің дамуы басталады. Тұрақты тістердің негіздері қалыптасады. Саусақтарда тырнақтар өседі. Жиырма жетінші аптасында ұрықтың салмағы шамамен 1 кг, дененің ұзындығы шамамен 25 см. 28-ші аптасынан бастап май және тер бездері қалыптасып, тері астындағы майлы тіндер пайда болады. Ұлдарда бұл кезеңге дейін құрсақ қуысында орналасқан аталық бездер ұрық қуысына түсе бастайды.
8 ай (29-32 апта)
Анада ұйқысыздық жиі кездеседі, ал жатырдың жиырылуынан Брэкстон-Хикс толғақтары (жалған толғақтар) байқалуы мүмкін. Болашақ ана перзентханаға қажетті заттарды дайындай бастайды, өйткені бұл кезден бастап мерзімінен бұрын босану қаупі де бар.
Жүктіліктің 29-32 аптасында әйел ұрықтың өсуі жалғасып, салмағы 1,5-2 кг-ға жетуі мүмкін. Миы мен өкпесі қарқынды дамып, баланың тыныс алу және ас қорыту жүйелері жетіледі. Анада енді жиі тыныс алу қиындықтары мен ісіну пайда болуы мүмкін.
9 ай (33-40 апта)
Жүктіліктің отыз сегіз – қырқыншы апталарында ұрық толықтай дамып, туылуға дайын, оның салмағы 2,5-4 кг аралығында болады. Бұл кезеңде ұрықтың терісі толықтай тегістеліп, оның тыныс алу және ас қорыту жүйелері жұмыс істеуге дайын. Ана ағзасы босануға толық дайын болып, жиі бел мен іш ауыруы, сондай-ақ босану белгілері байқалады.
Күнтізбе көмегімен маңызды оқиғаларды жоспарлау
УДЗ-ге бару күндерін белгілеу
Жүктілік кезінде жүкті әйелдерге арнайы медициналық бақылау қажет, сондықтан УДЗ қаралу күнін дәрігермен келісу маңызды. Әдетте, осылай белгіленеді:
1-ші УДЗ - 10-12 апта арасында (жүктіліктің алғашқы скринингі, ұрықтың жүрек соғуын тексеру және жүктіліктің қалыпты дамуын анықтау үшін).
2-ші УДЗ - 18-22 апта аралығында (анатомиялық даму, ұрықтың мүшелерінің қалыптасуы, жүктіліктің жағдайы тексеріледі).
3-ші УДЗ - 30-34 апта арасында (ұрықтың өсуі мен дамуын бағалау, босану
күніне дайындық).
Доплерография ұрықтың жүрек соғуын, қан айналымын және плацентаның қызметін бақылау үшін қолданылады, көбіне 22-24 аптадан кейін тағайындалады, бірақ ол жүктіліктің 3-ші триместрінде де жүргізілуі мүмкін. ЭКГ (электрокардиограмма) жүктіліктің кез келген уақытында қажет болуы мүмкін. Егер қажет болған кезде, баланың денсаулығына не болып жатқанын, немесе небір қиындықтарды тексеру үшін, дәрігердің кеңесімен қосымша зерттеулер қажет болуы мүмкін.
Дәрі-дәрмек және витаминдер қабылдау кестесі
Әдетте, ұрықтың дұрыс дамуы үшін жүктілікке дейін және оның алғашқы апталарында фолий қышқылы тағайындалады. Сонымен қатар, темір мен кальций витаминдері ағзаның қажеттіліктеріне сәйкес қабылдануы мүмкін, әсіресе 2-3 триместрде. Оны тек жүктілік кезеңіндегі арнайы талаптарды ескере отырып дәрігер тағайындайды.
Жүктілік кезінде әйелдің денесінде үлкен өзгерістер болады, оның ағзасының бір бөлігінде жаңа өмір қалыптасады. Сондықтан, әйел адам өзін жақсы күтіп, қатты толғаныстарға ұшырауға болмайды.