Босану – әрбір жүкті әйел үшін маңызды және жауапты кезең. Алдағы босанудың алғашқы белгілерін білу болашақ ананың өзіне сенімді болуына және қажетті шараларды уақытылы қабылдауына көмектеседі. Бұл процесс алдын ала белгілі белгілермен басталады, оларды уақытында анықтау болашақ ананың дайындығын арттырады. Босанудың жақындағанын көрсететін негізгі белгілерге белдің ауыруы, іштің төменге тартатыны яғни төмендеуі, шырыштың бөлінуі, қағанақ суының кетуі және толғақ жатады.

Бел ауырсынуы және іштің түсуі
Жүктілік кезінде жатыр біртіндеп өсіп, ішкі органдарға қысым түсіреді. Босану жақындаған сайын жатыр төмен түсіп, іштің формасы өзгере бастайды. Бұл жағдай әдетте жүктіліктің 38-40 аптасында байқалады. Іштің түсуі баланың босану жолына жақындағанын білдіреді. Сонымен қатар, бел ауыруы да мүмкін, өйткені жатырдың төмен түсуі арқадағы бұлшықеттерге қосымша салмақ түсіреді.
Түссіз не ақшыл-қызғылт шырыштың бөлінуі
Босануға жақын арада шырышты тығын бөлінеді. Бұл – жатыр мойнында жүктіліктің басынан бастап тұрған шырыштан тұратын қабат. Ол мөлдір, ақшыл немесе қызғылт түсті болуы мүмкін. Егер шырыш бөлінсе, бұл жатыр мойнының ашыла бастағанының белгісі және босану уақытының жақындағанын көрсетеді.
Қынаптан мөлдір сұйықтың ағып шығуы
Кейбір жағдайларда қынаптан аз мөлшерде сұйық бөлінуі мүмкін. Кейбір әйелдерде көп мөлшерде мөлдір немесе ақшыл сұйықтық бөлінуі мүмкін. Бұл- қағанақ суының баяу кетіп жатқанын білдіреді. Егер мұндай жағдай байқалса немесе сұйықтықтың түсі өзгерсе немесе иісі ерекше болса, дәрігерге немесе акушерге айтыңыз.
Ұрық маңындағы судың төгілуі
Босанудың негізгі белгілерінің бірі – қағанақ суының кетуі. Қағанақ суы бірден немесе аз мөлшерде бөлінуі мүмкін. Қағанақ суы мөлдір немесе аздап сарғыш түсті болуы мүмкін. Егер су кетсе, 10-12 сағат ішінде босану басталады. Әдетте, су бірден көп мөлшерде төгіледі, бірақ кейбір жағдайда ол баяу да ағуы мүмкін. Бұл кезде толғақ басталмаса да, дереу перзентханаға бару қажет.